ФАО семинарда Қазақстандағы халықаралық агроазық түлік хабының дамуын талқылады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

ФАО семинарда Қазақстандағы халықаралық агроазық түлік хабының дамуын талқылады

ФАО Қазақстан Сауда және интеграция министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «QazTrade» АҚ өкілдерінің, Нидерландыдан, Америкадан және Танзаниядан келген салалық сарапшылардың қатысуымен Қазақстанда халықаралық агроазық-түлік хабын дамыту мәселелері бойынша халықаралық семинар өткізді.

Кездесу шеңберінде Африка, Нидерланды және АҚШ-тағы агроазық-түлік хабтарының қызметі бойынша жағдайлық зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ халықаралық тәжірибе негізінде трансшекаралық агроазық-түлік хабын дамыту бойынша Қазақстан үшін қорытындылар мен ұсынымдар және жоба ұсынымдарын іске асыру бойынша одан әрі қадамдарды айқындау ұсынылды.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымында айтарлықтай оң үрдіс байқалуда, ол сату көлемі бойынша 7,5%-ға және құндық мәнде 70,1%-ға ұлғаюда. Экспорттың ауыл шаруашылығын дамытуға әсерін талдау экспорттың ауыл шаруашылығы өнімінің тауар өндірісін шамамен 40%-ға дамытуды қамтамасыз ететінін, ауылдық жерлерде кірістер мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететінін көрсетті, – деп атап өтті Қазақстандағы ФАО бағдарламаларының үйлестірушісі Жаныл Бозаева.

Мәселенің өзектілігін ескере отырып, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев аталған жобаны Қазақстанда жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ол елімізде озық агроазық-түлік хабтарын құру, сондай-ақ өңіраралық кооперацияны нығайту жөніндегі міндеттерді Мемлекет басшысы түрлі алаңдарда бірнеше рет айтқанын еске салды.

Агроазық-түлік хабтарын дамыту АӨК өнімдерінің экспортын дамытуды ынталандырып қана қоймайды, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын ынталандыру арқылы өзінің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Өзбекстан мен Қырғызстан бағыты бойынша болжамды хабтар Қазақстан үшін Орталық Азия өңірімен қатар Таяу Шығыс пен Үндістан өңірінің нарықтарына жол ашады.

Экспорттың ауыл шаруашылығының тауарлық өндірісін шамамен 40%-ға дамуын қамтамасыз етуінің маңыздылығын ескере отырып, QazTrade-нің Бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров өз сөзінде осы сәтке жеке тоқталды. Ол дақылдарды экспорттамайынша ауыл шаруашылығы саласы үлкен шығынға ұшырайтынын, өйткені фермерлердің өз өнімдерін сататын жері болмайтынын айтты. Осыған байланысты мемлекет экспортты дамытуға өте ұқыпты қарауы және ол үшін барлық қажетті жағдайларды жасауы тиіс.

Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында агроазық-түлік өнімдерінің бейресми ағындарын бағалау міндеті де тұрды. Ол үшін QazTrade сарапшылары ҚР Ұлттық статистика бюросы, Дүниежүзілік банк жариялаған көлеңкелі экономика бойынша деректерді талдады, сондай-ақ Қазақстандағы тауар өндірушілерге, сауда субъектілеріне және түрлі қауымдастықтарға сауалнама жүргізді. Көлеңкелі айналымды қалыптастырудың негізгі себебі, әлемнің барлық елдеріндегідей, кәсіпкерлердің салық төлеуден жалтару арқылы шығындарын оңтайландыруға тырысуы, сондай-ақ шағын фермерлер үшін салық және бухгалтерлік есеп жүргізудің қиындығы болып табылады.

Жалпы, көлеңкелі айналымның жоғары деңгейі Қазақстанның экспорттық әлеуетін төмендетеді және агроазық-түлік хабтарының дамуына ықпал етпейді, – деп атап өтті QazTrade өкілі.

Шет елдердің тәжірибесі тұрғысынан трансшекаралық хабтарға арналған негізгі ұсыныстарға қоймаларды басқару жүйелері, коммерцияға арналған электрондық платформалар және жүктерді бақылау технологиялары сияқты заманауи цифрлық технологияларды енгізу кіреді. Бұл құралдар нақты уақыттағы тауарларды басқаруды, логистиканы және бақылауды оңтайландырады, кедендік рәсімдерге кететін уақытты азайтады, ашықтықты арттырады және жеткізілім қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірыңғай ақпараттық жүйені әзірлеу және кедендік рәсімдерді жеделдететін технологияларды енгізу трансшекаралық хабтардың тұрақты дамуына ықпал етеді, оларды бизнес үшін тартымды етеді және әлемдік сауданың өсуін қолдайды.

Н. Құлбатыровтың айтуынша, цифрлық құралдардың көмегімен оңтайландыру кедендік рәсімдерге уақыт шығындарын қысқартуға, қорларды болжау мен басқаруды жақсартуға, сондай-ақ тауарларды жеткізудің қауіпсіздігі мен сенімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, цифрлық трансформация процесін тиімдірек және теңгерімді ететін жаңа цифрлық шешімдерді сәтті енгізу және пайдалану үшін қызметкерлерді оқытуға назар аудару қажет.

 

Пікір қалдыру